Zerde мектеп гимназиясы - тарихы бай, өзіндік дәстүрлері қалыптасқан білім шаңырағы. Осы парақшадан ZERDEлі жанұямызда болатын дәстүрлі мерекелік шаралармен таныса аласыз.

1 қыркүйек – Білім күні

Еліміздің әрбір білім ордасында ерекше аталатын мерекелік күн біздің мектепте де үлкен мәнге ие. Өзге орта білім мекемелеріндегідей алғашқы қоңырау соғылып, мектеп табалдырығын аттаған бірінші сынып оқушыларын ерекше көңілмен қарсы аламыз. Десе де, баланың үлкен өмірге қадам басуының маңызын түсінгендіктен, оқушыларымызды ақ жол төсеп, еліне еңбегі сіңген танымал тұлғаның қатысуымен қарсы алу дәстүрі қалыптасқан.

Тәуелсіздік күні

Мектебіміздегі өтетін ең маңызды да мәнді мерекелік шаралар Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылады. Бұл жәй ғана мереке емес - еліміздің болашағын айқындап берген үлкен құндылық. Мектеп ұжымы мен оқушылар тәуелсіздік күніне арнап үлкен қойылым қояды. Әдетте қаламыздың ірі концерт залдарында өтетін шараға мектеп ұжымы, оқушылар мен ата-аналардан бөлек қаламыздың өміріне белсенді араласып жүрген танымал тұлғалар қатысады. Бұдан бөлек мектеп қабырғасында тәуелсіздік тақырыбына арналған көрмелер ұйымдастырылады. Қылқалам шеберлігінің көмегімен балалардың бойында еліне деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді оятуға сенімді қадамдар жасалуда.

Денсаулық күні

Оқушыларды спорттық ойындарға бейімдеу, денсаулықтарын жақсарту, қызығушылықтарын арттыру. Оқушылардың адамгершілік, күш, ерік-жігер қасиеттерін және психологиялық процестер мен адамдық қасиеттерді дамыту. Дене шынықтыру жаттығулармен өз бетінше шұғылдануға, этикалық және эстетикалық тәрбие беру

Жаңа жыл

Жаңа жыл – оқушылардың асыға күтетін мерекелерінің бірі. Себебі мейрам қарсаңында мектебіміздің қабырғасында ертегі әлеміне саяхат басталады. Шаңырағымызда әлемдік деңгейде танымалдыққа ие болған Disney анимациялық туындылардағы әндерді қазақ тілінде орындау байқауы өтеді. Бұл дәстүріміздің өскелең ұрпаққа берері мол. Қазақ тіліне деген құрмет артып, өнерге деген талап оянады. Жыл сайын өтетін ән байқауына оқушылар белсенді қатысады. Белгілі мультфильмдердің кейіпкерлерін қазақша сөйлету де үлкен еңбек екенін түсіне отырып, мектеп әкімшілігі туындыларды қазақшалау бағытында жұмыс атқарып жүрген әрбір азаматқа алғысын білдіреді. Оқушылардың дүниетанымын дамыту,өлең сөзге деген қызығушылықтарын арттыру. Сөйлеу мәдениетін қалыптастыру.

Әз Наурыз, қош келдің!

Наурыз – табиғат қана емес, адамзат та жасарып, бой түзейтін шақ. Ұлыстың ұлы күні - мектебімізде ең ауқымды аталып өтетін мерекелердің бірі. Дәстүріміздің ажырамас бір бөлігі - Наурыз мерекесі қарсаңында білім ошағымызда бірнеше шара өтеді. «Шежіре күні», «Жайлау күні», «Көктем аруы», ұлттық нақышта өтетін «Робототехника» байқаулары сияқты өзекті тақырыптарды қамтитын дәстүрлі іс-шаралар өтеді.

Соңғы қоңырау

Мектебімізде жыл сайын 25 мамыр күні үлкен мерекелік би кеші өтеді. Вен балы форматында өтетін шараға оқушылар, мектеп ұжымы мен ата-аналар қатысады. Кеш дәстүрлі түрде бастауыш сынып оқушыларының полька биінен басталады. Балаларына қосылып ата-аналар да би билеуге көшеді. Бал кешінің ерекше бір бөлімі ата-аналардың вальс билеу байқауына арналады. Десе де басты назар мектеп түлектерінде болатыны түсінікті. Олар білім шаңырағымен керемет вальс биімен қоштасады. Негізгі мақсат оқушылар, ата ана мен мектеп ұжымының ұйымшылдығына қарай қадам жасау және өскелең ұрпақты әлем мәдениетінің танымал классикалық музыка туындыларымен таныстыру. Кешке келушілерден дресс-код талап етіледі.

Career planning

Бұл мектебімізде дәстүрлі түрде өтетін кездесулер легі. Жоғары сынып оқушыларының өзінің болашақ мамандығын таңдауында ақыл-кеңес сұрау мақсатымен ұйымдастырылады. Кездесуге өзі ісіне шебер мықты кәсіп иелері, танымал тұлғалар шақырылады.

Жыл оқушысы

Мектебімізде оқу жылы бойы сан түрлі байқаулар мен сайыстар өтеді. Сондай додалардың бірі –төрт турдан тұратын «Жыл оқушысы» байқауы. Сайыс ережелерін барлық оқушылар жақсы біледі. Бірінші тоқсаннан кейін әр сыныптан бір үміткер ұсынылады. Үшінші тоқсан соңында ХХІ ғасыр көшбасшысы байқауына қатысып, үздік атанғандар финалға қатысады. Шешуші тур кезінде баланың жыл бойы жеткен жетістіктерінен бөлек шешендік өнері, хоббиі, спортқа талабы да назарда болады. Жыл оқушысы атағына ие болған талабы зор бала келесі оқу жылына грант иеленеді. Егер жеңімпаздар саны көп болса, оларға оқу ақысын төлеуде 30% дан 50% ға дейін жеңілдік беріледі.